NUR
Марқа 14
1Құтқарылу және Ашымаған нан мейрамдарына екі-ақ күн қалған еді. Басты діни қызметкерлер және дін мұғалімдері Исаны айламен қолға түсіріп, өлтірудің жолын қарастырды.
2Әйтсе де олар: «Мұны мейрам күндері іске асыруға болмайды! Әйтпесе халық арасында бүлік шығып жүрер», — десті.
3Ал Иса бұл кезде Бетанияда, бұрын алапеспен ауырған Шимонның үйінде болатын. Сонда бір әйел Исаның қасына жақындап келді; оның қолында нард деген өсімдіктен жасалған таза, аса құнды иісмайға толы мөлдір тас құтысы бар еді. Әйел құтының аузын сындырып, иісмайды дастарқан басында жантайып жатқан Исаның басына құйды.