NUR
Езекиел 4
1— Ал енді, пендем, күйдірілмеген кірпішті алып, оны алдыңа қой да, оған бір қаланың, яғни Иерусалимнің, жобасын сыз.
2Қаланы қоршауға алуды бейнелеп көрсет. Оған қарсы бекіністер тұрғызып, қабырғаларының маңына тас-топырақтан үймек үй. Сосын әскер қостарын тігіп, айналасына қамал бұзатын қондырғыларды орналастыр.
3Содан соң нан жабатын темір таба ал. Оны темір қабырға іспетті өзің мен қаланың арасына орнат. Бет-жүзіңді қалаға бұр. Осылайша қаланың қалай қоршалып, қиналатынын көрсетесің. Бұл Исраил халқына арналған ескерту белгі болады.