NUR
Заңды қайталау 9
1Құлақ түр, уа, Исраил халқы! Сендер енді Иордан өзенінен өтіп, саны да, күші де өздеріңнен басым халықтардың елдеріне кіріп, соны иемденейін деп жатырсыңдар. Олардың аспанмен таласатындай зәулім қамалмен қоршалған үлкен қалалары бар.
2Сол елде күшті де зор денелі адамдар — Анақтың алып ұрпақтары тұрады. Сендер бұлар туралы біліп, «Анақтың ұрпақтарына кім қарсы тұрмақ?» деген мәтелді естігенсіңдер.
3Бірақ та бүгін мынаны біліп қойыңдар: сендердің Құдайларың Жаратқан Ие жалмайтын от сияқты болып Иорданнан өтіп, алдарыңда бастап жүреді. Өзі соларды құртып, сендерге жеңдіреді. Жаратқан Ие өздеріңе уәде еткендей, сендер оларды елден қуып шығып, тез арада көздерін жоясыңдар.