NUR
Шежірелер 1 11
1Содан Исраилдің бүкіл халқының өкілдері кейінірек Хеброндағы Дәуіттің қасына жиналып келіп, оған былай деді: — Сөзімізге құлақ сала көріңіз: сіздің ет жақын туыстарыңызбыз.
2Біраз уақыт бұрын, Саул әлі де патшалық құрған кезде, бүкіл Исраилді жорықтарға бастап жүрген өзіңіз болатынсыз! Сіздің Құдайыңыз Жаратқан Ие де сізге: «Менің халқым Исраилді бағатын әрі Исраил еліне басшылық ететін сен боласың», — деп айтқан еді.
3Осылай Исраилдің күллі рубасылары Дәуіт патшаға келіп, ол солармен Хебронда Жаратқан Иенің алдында келісім жасады. Бір кезде Жаратқан Ие Самуил пайғамбар арқылы алдын ала айтқандай, олар енді Дәуітке май жағу рәсімін орындап, оны Исраилдің патшасы етіп бекітті.