NUR
Миха 4
1Кейінгі заманда Жаратқан Иенің Киелі үйі тұрған Сион тауы Бастысы болады бар тау-төбелердің, Бәрінен де оның атақ-даңқы Әлдеқайда жоғары болып қалады. Сонда халықтардың адамдары Соған қарай ағылатын болады.
2«Енді жүріңдер, Жаратқан Иенің, Жақыптың халқы сиынған Құдайдың, Сион тауындағы киелі үйіне Өрлеп барайық барлығымыз, кәне! Сол жерде Жасаған Иеміз бізге Ақ жолын нұсқайды, сонымен жүрейік, Оның әділ еркін орындай берейік!» — Деп, көп ұлттар жолға шығады бірігіп. Сөзін таратады тәлімін үйретіп Жаратқан Ие Иерусалимнен, Сиондағы өз киелі үйінен.
3Сонда Иеміз көп халықтар арасында Төрелік етіп, алыс та алып ұлттарға Шығаратын болады әділ үкімін. Енді олар төс үстінде қаруларын Қайта соғып, соқаға қылыштарын Айналдырады, ораққа найзаларын. Содан халықтар енді қайтып ешқашан Бір-біріне қарсы қару көтермейді, Олар соғысуды тіптен үйренбейді.